Сабақтың тақырыбы: «Алғыс айту - парызым»
Сабақтың мақсаты: Алғыс айту туралы түсінік беру. Үлкен – кішіге деген
сүйіспеншілігін, сыпайылық қарым – қатынасын дамыту.
Әдептілік, кішіпейілділік, ізгілікке тәрбиелеу.
Өзін – өзі тану, құрметтеу
өзін еркін сезінуге көмектесу.
Мұғалім: Құрметті ұстаздар, оқушылар! «Алғыс айту - парызым» атты ашық тәрбие сағатымызды ашық дей отырып, бүгінгі мерекелеріңізбен құттықтаймыз. Сіздерді шәкірттерді тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатудағы, бағыт – бағдар беру жолындағы еңбектеріңіз жана берсін демекпіз. Дендеріңізге саулық, қажымас қайрат, отбасыңызға береке мен шаттық тілейміз.
Талайлы тағдырлардың басын өз шаңырағының астына біріктіріп, қанатымен су сепкен қарлығаштай, қамқорлығына алған Қазақстанда адамның адамға құрмет көрсететін күні белгіленді. Елбасы Н.Ә. Назарбаев барлық ұлттың бір – біріне және қазақтарға алғыс айту күнін бекітуді ұсынды. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мәңгілік ел: бір ел – бір тағдыр» тақырыбымен басталған ХХІІ сессиясының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Назарбаев: Сталин режимінде әр жылдары халықтар түгелдей жер аударылды. Оларды вагондардан ауылдарға түсіріп кете берді. Олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, оларды саман үйлеріне қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді. Саманнан жасалған екі бөлмелі үйде тұрған біздің отбасы үш баласы бар жанұяны қабылдап алды. Көз алдымда әрқашан олардың бөлменің бір бұрышына жиналғанын елестете беремін. Олар қорқып тұрды. Киімдері жыртылған, аш, тозып кеткен. Олар біздің отбасында өмір сүрді. Жұмыс істей бастады, өмір бойы алғыс айтып өтті. Мен оның балаларымен дос болдым,-» дей келе, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнінде 1 – наурызда, басқа уақытқа қойса да болады – барлық ұлттың бір – біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп белгіленсе әділетті болар еді, - деп нақтылады.
Елбасы Н. Ә. Назарбаев – сөз бастаған шешен, ел бастаған көсем, саңлақ шыққан сарабдал саясаткер, әлемдік деңгейде өзіндік орны бар үлкен тұлға, қажырлы мемлекет қайраткері. Алғырлығы мен көрегендігі, ептілігі мен тектілігі, батылдығы мен өжеттігі, мейірімділігі мен қайырымдылығы, алымдылығы мен шалымдылығы қатар жүретін нағыз марғасқаның бірі және бірегейі. Елбасына еліне жасаған жақсылықтары үшін алғысымызды айта отырып, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!
Біріншіден, Елбасымызға алғыс айтқымыз келеді. Халқымыз бүгінгі таңда тәуелсіздігін алып, бақытты өмірге келіп отыр, осының бәрі өткен күрестің жемісі. Бұл жерде Елбасының елімізде мызғымас татулық орнатып, бүлдіршіндерімізді бейбіт күннің астында өмір сүруіне жағдай жасап отырғандығы ақиқат.
Ән: «Қазақ қызы» Мереке Айару 2 – сынып
Енді оқушылармен жұмбақ шешейік.
- Білім дәнін тереді, балаға тәлім береді
- Білімнің жолбасшысы, шәкірттің қолбасшысы
- Оқу – білім бағдары, заманның бағбаны
Олай болса жекелеген ұстаздарға арнау айтылады.
1 – оқушы:
Келешекті кезінде
Кесіп айтар өзіңе.
Өнеге көп өзінде
Өсиет мол сөзінде.
Көп шәкірттің досындай
Ақмарал апай осындай, Мың алғыс сізге Ақмарал апай!
2 – оқушы:
Мен алғаш мектеп есігін ашқанымда,
Күнім болып көріндің аспанымда.
Білім болып егілдің жас жаныма,
Гүлің болып төгілдім асқарыңа.
Біз дегенде ұмытып бас қамын да
Қас – қағымға қасыңнан тастадың ба?
Мың алғыс сізге Майра апай!
3 – оқушы:
Көңілің болсын ақ қардай,
Жарқырап көзді тартқандай.
Ел – жұртың сізді ардақтап,
Жүре беріңіз Жұмагүл апай!
Мың алғыс сізге Жұмагүл апай!
4 – оқушы:
Білім берген, дәріс берген
Жас ұрпаққа талмастан.
Әрбір жастың Айжан апай,
Көңіл сырын дәл басқан.
Мың алғыс сізге Айжан апай!
5 – оқушы:
Күнім деген, күлімдеген,
Қамқор болған ұстазым.
Жаны жайсаң, жайдары жан,
Ұғындырған сөз сазын.
Ұмытпаймыз, ардақтаймыз,
Тілектес апай сізді біз,
Мың алғыс сізге Тілектес апай!
6 – оқушы:
Ақыл – кеңес көп қой онда ұққанға
Ардың туын асқақ ұстап шықты алға.
Ана тілін ардақтауды үйреткен
Мың рахмет Жансая апайға
Мың алғыс сізге Жансая апай!
Жүргізуші:
Біздер әлі өтелмеген парызбыз,
Сары далада сайрап жатқан сан ізбіз.
Аттары да аталмаған ұстаздар,
Алдарыңда мәңгілікке қарызбыз!
Сіздерді шын жүрегімізбен құттықтай отырып, бізді қызықтыратын мына сұрақтарға жауап алсақ па деп едік.
Тілектес апайға: Мектептегі бар баланың мінезі, қылығы ерекше қасиеті сізді ренжітеді, қуантады, шаттандырады. Сіз үйде демалғанда шәкірттеріңіз қай қырынан көз алдыңызға елестейді. Ренжіткен сәті ме, қуантқан кезі ме?
Айжан апайға: Сіздің көп жылдық қызметіңізде қызықты оқиғасымен есіңізде сақталып қалған шәкірттеріңіз бар ма? Болса сол туралы айтып берсеңіз.
Жұмагүл апайға: Сізде кішкене шәкірт болып мектеп табалдырығынан аттадыңыз. Шәкірттік шақтың қызықты кезінен әңгімелеп берсеңіз!
Сіздерге көп рахмет және де 1000 алғыс айта отырып, 2 – сынып оқушыларының әдемі биін тарту етеміз.
Жүргізуші: Дария судың ағыны,
Құрметтеген шәкіртті.
Сыйымызға риза болыңыздар,
Мұғалімдер қауымы.
Сіздерге мықты денсаулық пен баянды бақыт, еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілейміз. Әрдайым ел игілігіне еңбек етіп, егемен еліміздің ертеңі болатын өрелі өрендерді өсіріп, тәрбиелеп, ұяларыңыздан ұшыра беріңіздер!
7 – оқушы:
Алғыс күні аталыпты 1 – наурыз,
Парыз екен бәріне айту алғыс.
Өмір берген, жан берген, қуат берген,
Аллахыма айтамын мен шексіз Алғыс.
8 – оқушы:
Күндіз – түні еркелеткен күнім деп
Әрқашанда мейірім төккен күлімдеп.
Ақ жаулығы желбіреген әжетай,
Мың алғысын айтады күнің кеп!
9 – оқушы:
Немере ыстық екен баласынан
Аташым артықсың сен бар асылдан.
Алғысты бір өзіңе жаудырамын,
Көзіңнің санадың артық қарасынан!
10 – оқушы:
Көз ілмей түн ұйқысын төрт бөлген,
Өзіңдей асыл жанды кім көрген?
Алғысым шексіз саған, жаным анам
Әрқашан тілеуіңді тілеп жүрген!
11 – оқушы:
Қашанда қарыздармын, әке, саған,
Әрқашан мейіріміңді төктің маған.
Жүректің арнап ыстық махаббатын,
Әкетай, шексіз алғыс айттым саған!
12 – оқушы:
«Ағайын тату болса, ас көп» деген,
Жақсылықта әрқашан бірге жүрген.
Ағайын, бауырларға 1000рахмет,
Қиналғанда бір – бірін демеп жүрген!
13 – оқушы:
Ұстазым – сөзің асыл баға жетпес
Әр сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.
Шәкіртін баласындай қадірлеген,
Ұстазым, 1000алғыс та саған жетпес!
14 – оқушы:
Дос дегенің – бауырың, ол сырласың,
Қиналғанда сырыңды айтар мұңдасың.
Шын достыққа тең келмейді ештеңе,
Алғыс айтып, достық жыры жырлансын!
Ән: «Алғыс» 2 – сынып оқушысы Бөкен Фатима
15 – оқушы:
Аллаға әуелі рахмет!
Тірлікті мынау жаратқан.
Анаға шексіз рахмет!
Ақ сүт берген толғатқан.
Әкеге айтам мың алғыс,
Ұрпақтар жібін тарқатқан.
Бауырға туған рахмет!
Қолдаған, сүйген, жұбатқан.
Қазаққа дархан, рахмет!
Салт – санасын сіңірген.
Жеріме байтақ рахмет!
Таза ауа үшін сімірген.
Барша әлем, саған рахмет!
Әр күнім үшін кешірген!
3 – сынып оқушыларының орындауында А. Сейітовтың «Ауылым» әні
Қорыту: Құрметті ұстаздар, қонақтар, оқушылар! Жылы сөз, қайырымды іс, жақсы ой, кіршіксіз сезімдеріңізді ешкімнен ешқашан аямаңыздар. «Рахмет» деген қасиетті сөзді жиі айтыңдар. Адам алғыс пен ризашылықты естіген сайын, жақсылық жасағысы келіп тұратынын есте сақтаңдар. Өмірдің әрбір сәтін бағалай білуге үйреніңдер. Табиғат – Анаға мейірімді күні үшін, көңілді жаңбыры мен ақ қары үшін, жұмсақ ақ ұлпа бұлты үшін, жақын адамдарға қайырымдылығы мен риясыз махаббаты үшін алғыс айтуды ұмытпаңдар.
Демеңіз біз өнерді аяп қалды,
Мезгіл де біраз жерге таяп қалды.
Қош болып тұрыңыздар көріскенше,
Осымен концертіміз аяқталды!
https://nachalnaya-shkola-beki.rka.kz/kz/zhanaly-tar/103-al-ys-ajtu-paryzym-atty-ashy-t-rbie-sa-aty-tkizildi.html#sigFreeId1b007d8dcf












