«Абай – дара, Абай – дана қазақта» поэзия сабағының жоспары

 

Мектеп: Бекі бастауыш мектебі. Мерзімі: 28.01.2020ж.

Мұғалім: Ж.Т. Жайлаубаева

Поэзия сабағына қатысушылар: мұғалімдер, оқушылар

Мақсаты: Абай шығармашылығын жас ұрпақтың «жүрегіне терең бойлатып», Абайдың жұмбақ әлемінің тылсым сырларына үңілту. Ой-қиялдарын поэзия әлеміне енгізу. Ғұлама Абай мұрасын насихаттау.

Білімділік мақсаты: Ұлы ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, шығармаларына шолу жасау. Өлеңдерін, қара сөздерін мәнерлеп айтқызу.

Дамытушылық мақсаты: Сөз өнерінің қыр-сырымен таныстыру. Көркем сөйлеуге, өз бетімен іздене білуге, шығармашылықпен жұмыс істеуге көмектесу.  

Тәрбиелілік мақсаты: Оқушыларды туған жерге деген сүйіспеншілікке, адамгершілікке, табиғат әсемдігін түсінуге, қасиетті нәрселерді қадір тұтуға тәрбиелеу.

Жүргізуші: Армысыздар, қадірменді ұстаздар, әдебиет сүйер қауым, білім нәріне құмар оқушылар!

Қазақ халқының ұлы ақыны, аудармашы, сазгер Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналған «Абай – дара, Абай – дана қазақта» атты тағылымды кешке қош келдіңіздер!

Абай мұрасы – қазақтың қасиетті, теңдесі жоқ алтын қазынасы. Заман ауысып, уақыт өткен сайын халқымыз ғұлама Абайдың рухани дүниесіне терең бойлап, оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қалың елін қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді. Ұлы Абайдың шығармашылығы бүгінгі заман талабына сай қайта түлеп, жыл өткен сайын жаңғырып, ұрпақ тәрбиесінде өзіндік үлес қосып келеді. Ақын шығармалары – оның қазақ әдебиеті тарихында ерекше орны бар классик ақын екендігін дәлелдейді. Мұхтар Әуезов Абайды «Қазақтың классика әдебиетінің атасы, қазақ әдебиетінің күн шуақты асқар биігі» деп атауы да жайдан жай емес.   

Абай Құнанбаев шығармаларына нолу ретінде слайд көрсетіледі

Өлең: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім». 2-сынып оқушысы Аманғали Зере.

Өлең: «Ғылым таппай мақтанба». 1-сынып оқушысы Бөкен Әмина.

4-сынып оқушысы Бақтығали Назым.

Жүргізуші: Көп адам дүниеге бой алдырған,

                   Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

                   Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы,

                   Өлмейтұғын артына сөз қалдырған,

- деп төрелігін өзі шешкен Абайдың жарқын бейнесі мен жалынды жырлары бізбен бірге мәңгі жасап келеді. Ұлылықтың сырына қанық болғымыз келсе, даралықтың қандай болатынын ұғынғымыз келсе, дана Абай әлемін шарлап қайталық. Абай ақындық өнермен қоса әншілік, сазгерлік өнерді де аса бағалаған. Абайдың өзі шығарған жиырмаға жуық әні бар. Соның бірі «Көзімнің қарасы» әні.

Ән: «Көзімнің қарасы». Орындайтын 1-сынып оқушысы Қошкелдіұлы Ақниет.

Жүргізуші: Жастайынан ел билеуші болыс-билердің, орыс шенеуніктердің еңбекші халыққа жасап отырған зорлық-зомбылығын, әділетсіздігін көріп өскен ақын олардың озбырлығын мінеп-сынап бірнеше өлеңдер шығарған.

Өлең: «Қалың елім, қазағым». 4-сынып оқушысы Қаби Ақберді.

Жүргізуші: Абай – данышпан, кемеңгер. Ол орыс әдебиеті классиктерінің, Еуропаның бірталай ақындары мен ғалымдарының, ежелгі заман даналарының туындыларымен танысады. Солар арқылы әдеби білімін, дүниетанымын кеңейте түседі. Шебер аударма жасаудың үлгісін көрсетті. 70-80 шақты аудармалары өзге тілден дәл, нақ аударылған.

Өлең: «Шегіртке мен құмырсқа». 2-сынып оқушысы Өтес Аягөз.

Жүргізуші: Абай әндері өзінің сырлылығымен, әсемдігімен көптеген сазгерлердің шабытын сызып, қиялдарын ұштап келеді.

Ән: «Айттым сәлем, Қаламқас». Орындайтын 3-сынып оқушысы Өтепберген Ұлдана.

Жүргізуші: Абай – табиғат бейнесін адам өмірімен байланыстыра бейнелеп беруде қазақ әдебиетінде теңдесі жоқ шебер суреткер ақын. Ол өз өлеңдерінде жылдың 4 мезгілін де асқан шеберлікпен бейнелеген кемеңгер.

Өлең: «Күз». 1-сынып оқушысы Бихадир Әдемі-ай.

4-сынып оқушысы Жалғасбайқызы Әсел.

«Қыс». 1-сынып оқушысы Мағауия Торғын.

3-сынып оқушысы Нұрадилұлы Жиенай.

«Қансонарда бүркітші шығады аңға...» 3-сынып оқушысы Қыстаубай Аманжан.

«Жаз». 2-сынып оқушысы Әділтайқызы Ақмоншақ.

«Жазғытұры». 1-сынып оқушысы Қуантурлиев Алаш.

Ән: «Желсіз түнде жарық ай» 1-сынып оқушылары Бақыт Айкөркем, жжәне Мереке Айкөркем.

Жүргізуші: Абайдың жас ұрпаққа айтар ақылы да, уағызы да аз болмаған. Ол жастарды адамгершілікке, адал достыққа үгіттейді. Оның махаббат, достық лирикасына арналған өлеңдері өте көп.

Өлең: «Есіңде бар ма жас күнің». 2-сынып оқушысы Өтес Аягөз.

«Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап» 4-сынып оқушысы Қыстаубай Аружан.

«Әсемпаз болма әрнеге...» 1-сынып оқушысы Қаржаубаева Гүлназ.

«Құлақтан кіріп бойды алар...» 4-сынып оқушысы Көңіл Әнуар.

Ән: «Желсіз түнде жарық ай». Орындайтын 4-сынып оқушысы Қаби Ақберді.

Жүргізуші: Абайға дейін қазақ әдебиетінде болмаған үлгі – ол қара сөздері. Қара сөздері көркем шығарма түрінде емес, ақынның өмір сабақтары туралы ойларын, содан туындайтын даналық, философиялық түйіндерді жинақтаған публицистикалық үлгіде жазылған ақыл-өнеге, өсиет, ғибрат сөздер.

«Абайдың 18 қара сөзі». 2-сынып оқушысы Өтепберген Ұлдана.

Жүргізуші: Абайдың поэмалары: «Масғұт», «Ескендір», «Әзімнің әңгімесі» (аяқталмаған). Бұл поэмалары қазақ өмірінің шындығын суреттеуге құрылмаған. Шығыстық оқиғалар сарынында жазылған. Идеясы – ұстаздық, тәрбиелік ой-мақсаттарға бейімдеп, көпке үлгі көрсету.

Ән: «Абай әндерінен попурри». 2-сынып оқушылары.

Жүргізуші: Абайдың шығармашылығын аса жоғары бағалаған А. Байтұрсынов «Абай – қазақтың бас ақыны. Онан асқан бұрын-соңды қазақ әдебиетінде біз білетін ақын болған жоқ» деп жазды. Ал Абай әлемін бүкіл дүниеге танытушы кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов «Мен Абай тереңінен шөміштеп қана іштім» деген екен. Сол себепті оқудан, білуге ұмтылудан, ізденуден жалықпайық.

Құрметті, өнер сүйер қауым! Абай шығармашылығына арналған тағылымды кеш те соңына жетті. Поэзия әлемінде келесі кездескенше қош, сау болыңыздар!