Мақсаты: «Бөбек» қайырымдылық қорының негізін қалаушы С.А.Назарбаеваның өмірімен және шығармашылығымен таныстыру, мемлекетіміздің болашағы – жан-жақты дамыған жеке тұлға қалыптастыру.

Міндеттері:

Білімділігі: Оқушыларға әлемдегі барлық жақсылық ана махаббатынан тарайтынын түсіндіру;

Дамытушылығы: Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, ақындық өнерлерін шыңдау.

Тәрбиелілігі: Балалардың жүрегінде анаға деген сүйіспеншілігін арттыру; ананы сүюге, ана еңбегін ақтай білуге тәрбиелеу.

Ресурстар: тақырып, үнтаспа, шарлар, Сара Алпысқызының фотосуреттері, күн бейнесі.

 

Мұғалім: Сәлеметсіздер ме, құрметті ұстаздар, өнер сүйер жаңа ғасырдың ұландары!

С.А. Назарбаева – қазақтың бақытты аналарының бірі. С.А. Назарбаеваның есімі бұл күнде «Бөбек» балалар қайырымдылық қорының негізін қалаушы, жетімдердің жебеушісі, қорғансыздардың қамқоршысы ретінде қалың жұртшылыққа кең танымал. Бүгінде мыңдаған жетім балалар мен мүгедек сәбилердің тағдыры үшін бүкіл жауапкершілікті мойнына алып, бөбектердің анасына айналды. С.Алпысқызының туған күніне арналған «Алтын жүрек анамыз» атты әдеби кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер!

Сара Алпысқызы Назарбаева 1941 жылы 12 ақпан күні Қарағанды облысының Қызылжар ауылында дүние есігін ашты. Қарағанды металлургия комбинатының «Бөбек» қоры арқылы мыңдаған жетім және мүмкіндігі шектеулі балаларға, көп балалы отбасыларына қолдау көрсетіп келеді.1994 жылдың маусым айынан бастап «SOS» атты балалар ауылының президенті. 2001 жылдың желтоқсан айында жетім мен мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсеткен еңбегі үшін «Достық» орденімен», 2003 жылы Шыңғыс Айтматов атындағы алқамен марапатталды.

Мұғалім: 2-сынып қыздарын «Қазақ биімен» қарсы алыңыздар.

 

Мұғалім: Ана – барлық тіршіліктің бастауы. Ол баланы өмірге әкеледі, тәрбиелейді, өсіреді. Адам бойындағы барлық асыл қасиет күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен дариды. Ана – ұлы адам. Ана – құдіретті жан.

Дүниедегі ең ардақты асыл жан,

Анам менің мәпелеген жасымнан.

Мен қуансам, қуанады ол бірге,

Мен қиналсам, табылады қасымнан.

Маған қымбат жан жоқ сірә, анадан,

Бар жақсылық аналардан тараған.

Жер бетіне өмір нәрін себуші,

Ана алдында борышты ғой бар адам.

 

Ақмоншақ: Анасыздар, әр үйге панасыздар

                    Бала десе от болып жанасыздар.

                    Сәтті басса ұрпағың мерей тасып,

                    Қыз күлкісін сусын ғып қанасыздар.

                    Анасыздар – Ақ Еділ, Жайықсыздар,

                    Жүзе алмайды өтінде қайықсыздар.

                    Маздататын, жүректе от лаулататын,

                    Әр үйдің күні десе лайықсыздар.

 

Фатима: Өр десек те сіздерді лайықсыздар,

                Төр десек те сіздерді лайықсыздар.

                Ер десек те сіздерді лайықсыздар,

                Зор десек те сіздерді лайықсыздар.

                Анасыздар, кең байтақ даласыздар,

                Жаны жайсаң жеңімпаз данасыздар.

                Көлеңке жоқ көңілінде, қылауы жоқ

                Үлбіреген жауқазын баласыздар.

  

Аягөз: Сіздер – күнсіз, аспанда жарқыраған,

            Сіздер – өзен, тау суы сарқыраған.

            Сіздер – ана, сіздер – жар, сіздер – қыздар,

            Сіздер – жаңбыр, ақ нөсер сарқыраған.

            Біз сіздерсіз тіршілік ете алмаймыз,

            Дегенге де сіздерсіз жете алмаймыз.

            Айнала ұшып сіздерді көбелек боп,

            Өртеніп қастарыңнан кете алмаймыз.

 

Мұғалім: Құлақтан кіріп, бойды алар

                Әсем ән мен тәтті күй.

                Көңілде түрлі ой қалар,

             Әнді сүйсең, менше сүй, - деп Абай атамыз айтқандай, кезекті әнге береміз. 2-сынып оқушыларының орындауында «Ананың тілі» әні.

 

Ақберді: Асыл анам, есіл анам,

               Елжіреп есіркеймін, есіме алам.

               Мен үшін сен суалтқан ақ сүтіңді,

               Ақтамасам, боп жүрмін несіне адам.

               Алыс жолда жүрсем де арып-ашып,

               Ағат ойлап, түсірмей жаныңа шық.

               Оқытып кешеу барған хаттарымды

               Отырмысың үрпиіп, жаның ашып.

               Өткізіп талай жылды, ай, аптаны

               Оқуын ұлың жақсы аяқтады.

               Анашым, білем сені қарсы емессің

               Кеттім мен тың даланы оятқалы.

               Анашым, қайда жүрсем сен – күш-арым

               Сүйемін дидарыңды мен құшамын.

               Қайда барсам өзіңдей қарсы алады,

               Кең байтақ Отанымның кең құшағы.

 

Әсел: Анашым, жаратылдың бағыма шын,

           Білемін көңілсізсің, сағынасың.

           Қайда жүрсем, қамқоршым – Отаным бар

           Қапа болма мен үшін неғыласың.

           Баға жетпес асылдың сынығысың,

           Мөлдір таза бұлақтың тұнығысың.

           Күндей ашық, айдай биік көңіліңді

           Жүрегімді нұрға бөлер жыр ұғынсын.

           Мені мүлде құлатпайтын шынарымсың,

           Дүниеде таусылмайтын жыр-әнімсің.

           Саған айтқан шын сөзімді өлеңімнен

           Жан анашым, жүрегіңмен ұғамысың?!

    

Ұлдана: Кең даладай құшағыңмен жылытасың,

               Мені өмірде жылатпауға тырысасың.

               Ақ қанат көңіліңмен ақ таңымның,

               Алдымнан шығатынын ұғынтасың.

               Ақ пейілді, шын адалсың балашыңа,

               Бұл өмірде кім жете алсын анашыма?!

               Қолда барын аямай шын ниетпен,

               Қиып бере салатын баласына.

 

Мұғалім: Келесі кезекті әсем әнге берейік. Мектебіміздің тәлімгері, жас маман Ағысова Сәндігүл апайдың орындауында «Анаға сәлем» әнін қабыл алыңыздар.

Мұғалім: Ана – жұмақ, мен – шуақ саябағы,

                Ана – шырақ, мен – сұрақ санадағы.

                Ана – теңіз, мен – қайық тербетілген,

                Ана – бұлақ, мен – құрақ жағадағы.

                Дүниедегі ең кемеңгер дананы,

                Ана табады, аялайды, бағады.

                Сол үшін құдіретіне бас иіп,

                Құрметтейік қасиетті ананы.

«Алып та анадан туады» демекші, шәкірттерінің жүрегінен жол тапқан ұстаздар да анадан туған. Ендеше ұстаздарымыздың ана туралы арнауларын қабыл алыңыздар. 4-сынып жетекшісі Молдашева Айжан апайды ортаға шақырамыз. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Шеше, сен бақыттысың» өлеңімен.

Мұғалім: Келесі тыңдайтындарыңыз Қадыр Мырза Әлінің «Ана» өлеңі. Оқитын мектебіміздің психологы Жолбергенова Күнсұлу апай.

Мұғалім: Тұманбай Молдағалиевтің «Ана» өлеңімен даярлық сыныбының жетекшісі Исаева Майра апайды ортаға шақырамыз.

 

Мұғалім: Көңілің Алатаудың ақ қарындай,

                 Мейірімің күннің шуақ шақтарындай.

                 Қалайша, аяулы ана, тына алармын,

                 Ән болып сағыныштан ақтарылмай.

Ән: «Ару-ана». Орындайтын «Қарлығаш» шағын орталығының тәрбиешісі Қайшыбаева Гүлдария апай. Қабыл алыңыздар.

Мұғалім: Ақберен Елгезектің «Мама» өлеңімен 2-сыныптың жетекшісі Түзелбаева Тілектес апайды қарсы алайық.

Мұғалім: Арқалы ақын Төлеген Айбергеновтің «Ана» өлеңі. Оқитын мектебіміздің басшысы Бердібеков Шабай ағай. Қабыл алыңыздар.

Мұғалім: Айыпхан Баймолдаұлының «Анажан» өлеңімен 3-сынып жетекшісі Абжатова Жұмагүл апайды ортаға шақырамыз.

Мұғалім: Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әнін барлығымыз бірге орындайық.

Мұғалім: Осымен «Өзін-өзі тану: Махаббат пен Шығармашылық педагогикасы» апталығы аясында ұйымдастырылған «Алтын жүректі анамыз» атты әдеби кешіміз өз мәресіне жетті. Аналарымыз аман болсын! Алтындай аналарымызды ардақтап, құрметтеп жүрейік. Уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге көптен көп рахмет айтамын. Келесі кездескенше аман-сау болыңыздар!