1-жүргізуші: Армысыздар, құрметті қонақтар!

2-жүргізуші: Қайырлы күн, ардақты ұстаздар, оқушылар!

1-жүргізуші: Күнсұлу, әлемде ең көп әрі ең қызықты тойланатын мереке не екенін білесің бе?

2-жүргізуші: Әрине білемін, Жансая. Әлемнің түкпір-түкпірінде от шашулар шашылып, жаңажылдық шыршалар бой көтеріп, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қуана қарсы алатын мереке бұл – Жаңа жыл.

1-жүргізуші: Дұрыс айтасың. Құрметті ата-аналар, әріптестер, балалар, келе жатқан Жаңа жыл мерекелеріңіз құтты болсын! Отбасыларыңызға береке, молшылық, елімізге бейбітшілік, тыныштық тілеймін.

2-жүргізуші: Жаңа жыл – жаңа қадам, жаңа бағыт,

                        Болашақ сыйлайтындай жаңа бақыт.

                        Тышқан жылы кеп қалды ортамызға,

                        Жақсылықпен жалғассын жаңа уақыт.

 

                        Құтты болсын жаңа жыл, барша халық,

                        Қуанышқа, шаттыққа тамсанайық.

                        Бірімізге шынайы тілек тілеп,

                        Бар әлемге бақытпен жар салайық.

1-жүргізуші: Құрметті ата-аналар, оқушылар, жүрекке жылылық ұялатар алғашқы жаңажылдық құттықтау сөзді мектебіміздің басшысы Бердібеков Шабайға береміз.

2-жүргізуші: Жаңа жыл, жаңа жыл,

                       Жаңа жылда жаңа нұр.

                       Жасыл шырша жанында,

                       Билеп барлық бала жүр.

 

                       Жасыл шырша жанында,

                       Қол ұстасып тұрайық,

                       Өлең айтып, би билеп,

                       Мерекені тойлайық.

Балалар, қанеки, барлығымыз шыршаны айналып, «Шырша жырын» айтайық.

1 жүргізуші: Балалар, ортамызға бір жыл бізбен бірге болған Доңыз жылын шақырайық.

  • Ескі жыл, қайдасың?
  • Әне, өзі де келе жатыр.

Доңыз: Мен бір жыл бойы жұмыс істеп, шаршап ұйықтап жатыр едім. Сендердің дауыстарыңнан оянып кеттім.

1-жүргізуші: Құрметті Ескі жыл, сізге айтар алғысымыз көп. доңыз жылы бәрімізге берекелі жыл болды. сіздің құрметіңізге 1-сынып оқушылары Бақыт Қарақат пен Қаржаубаева Гүлназ ән айтады. абыл алыңыз.

Доңыз: Мен ескі жылда сіздерге молшылық, бақыт әкелдім. Келер жылға тілегім:

                     Жаңа жылда жаңа бақыт, тыныштық,

                     Жаса, жаса, достық, бірлік туыстық.

                     Қарсы алыңдар жаңа жылды көңілді,

                   Қуаныштың әр минуты тым ыстық. Қош сау болыңдар, балалар. (Ескі жыл кетеді).

1-жүргізуші: Аппақ бүгін қыр, далам,

                      Ақ дастархан жапқандай.

                      Халық біткен қарбалас,

                      Қонақ күтіп жатқандай

  • Балалар, Аяз ата мен Ақшақардың да келетін уақыты боп қалды. Неге кешігіп жатыр екен? Мүмкін біз дауыстап шақырсақ келетін болар. Қане, дауыстап шақырайықшы.
  • Аяз ата! Ақшақар! Аяз ата! Ақшақар! (Аяз ата келеді.)

Аяз ата: Амансыңдар ма, ұлдарым?

               Амансыңдар ма, қыздарым?

               Қандай жарқын жүздерің,

               Қандай әсем жырларың.

               Аталарың сендерге,

               Шаршап келді алыстан.

               Керемет бір ән тыңдап,

               Келіп тұр аз демалғым.

2-жүргізуші: Қош келдіңіз, Аяз ата! Келгеніңіз қандай керемет болды. Сіз келіп, кешіміз одан сайын әсемделе түсті. немереңіз Ақшақар қайда? Көрінбейді ғой. қане, балалар, Солтүстіктің аруы Ақшақарды шақырайық.

  • Ақшақар! Ақшақар!

(Жағымсыз әуен ойналып, ортаға мыстан кемпір шығады)

Мыстан кемпір: Солтүстіктің аруын шақырдыңдар ма? Міне, солтүстіктің ару қызы алдарыңызға келіп тұр. (Сақылдап күледі).

Аяз ата: Құдай-ау, мынау не дейді?

Мыстан кемпір: Мен сіздерге өз өнерімді көрсетейін. Қанеки, балалар, маған көмектесіңдер! (3,4-сыныптар мыстанмен бірге Флешмоб билейді).

(Ақшақар мен Жаңа жыл Тышқан келеді)

Ақшақар: Амансыздар ма, балалар, ұстаздар, ата-аналар! Өздеріңді сағынып келдік, Жаңа жылдарыңыз құтты болсын. Өтіп кеткен Доңыз жылына аман-есен саулық тілеп, келер жылымыз Тышқан жылына табыс, береке, бірлік әкелсін деп, тарих жыл болсын деймін.

Тышқан: Мен келген жаңа жылмын.

                 Жаңа бақыт, жаңа нұрмын.

                 Сендерді мерекемен

                 Құттықтауға келіп тұрмын.

1-жүргізуші: Қош келдің, жаңа жыл! Төрімізден орын ал. Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, жылды солай өткізесің деген сөз бар. Ендеше көтеріңкі көңіл-күймен кешімізді жалғастырайық.

2-жүргізуші: Аяз ата, Ақшақар,  балалардың өнерлерін тамашалаңыздар.

1-жүргізуші: Келді жылым, бақытым,

                      Кемелденді уақытым.

                      Сәлем саған, жаңа жыл!

                      Жаңа бақыт, жаңа жыр!

2-жүргізуші: Жаңа жыл, жол болсын,

                      Басқан қадам оң болсын.

                      Төрлет, төрлет, жаңа жыл!

                      Бізге құтты жыл болсын!

Даярлық пен 1-сынып оқушылары тақпақ айтады. Аяз ата мадақтап, Ақшақар сыйлықтарын үлестіріп отырады.

Даярлық сыныбының қыздары «Шырша» биін билейді.

2-сынып оқушылары «Испан» биін билейді.

1-жүргізуші: Балалар, бізге қонақтар келіп тұр. Сіздер жақсы көріп қарайтын ертегі кейіпкерлерін шақырайық.

(Ішке Тобот, Пороро, Сайқымазақ келеді. Ортаға келіп, балалармен бірге билеп, әртүрлі ойындар ойнайды). 

2-жүргізуші: «Санта клаус» биімен 1-сынып оқушыларын қарсы алыңыздар.

1-жүргізуші: 2-сынып оқушысы Өтес Аягөздің орындауында «Қош келдің, Жаңа жыл» әнін қабыл алыңыздар

Аяз ата: Ал, қарақтарым, біз енді кетейік. Бізді күтіп отырған қаншама ел мен жер бар. Соларға барайық. Сендерге көп рахмет. Өнерлерің өрге жүзсін!

Жаңа жыл жаңа бақыт, әкелсін далама құт.

Өнерлерің көп болсын. Елде уайым жоқ болсын.

Тілектерің ақ болсын. Бастарыңа бақ қонсын.

Келер жылы келермін. Өнер тағы көрермін.

Сыйлық әкеп сендерге. Көптен-көптен берермін.

Жақсылыққа толыңдар. Тек биікке қоныңдар.

Келесі жылы көргенше амандықта болыңдар!

2-жүргізуші: Ал, балалар, бәріміз бірге қонақтарды шығарып салайық.

1-жүргізуші: Келесі кездескенше, аман-сау болыңдар. Біз сіздерді келесі жылы да асыға күтеміз.

2-жүргізуші: Құрметті достар! Қадірлі қонақтар, ұстаздар! Жаңа 2020 Тышқан жылы әр шаңыраққа бақыт пен шаттық әкелсін. Еңбектеріңіз жемісті болсын

1-жүргізуші: Жаңа жыл тағы да құтты болсын. Келесі кездескеше сау-саламатта болыңыздар! Музыка ойналады.